«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облыстағы кәсіпкерлікті дамытуға 13 миллиард теңге бағытталды
Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасы өңірде өз нәтижесін беріп келеді. Жоба аясында облыстағы кәсіпкерлікті дамытуға 13 миллиард теңге бағытталды. Бүгінге дейін 1400-ден астам шағын және орта бизнес өкілі қаржылай қолдауға ие болды. Қолдау тапқан жобалардың ауқымы кең. Оның ішінде өңдеу және шағын өндіріс бағыттары бар.
Бұл — Іле ауданындағы шағын былғары шеберханаларының бірі. Мұнда әмиян, белдік сияқты бұйымдар қолмен жасалады. Кәсіп иесі бұл істі осыдан 8 жыл бұрын бастаған. Ал соңғы екі жылда «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржылай қолдау алып, кәсібін кеңейтуге мүмкіндік туған. Бүгінде шағын бизнес тұрақты табыс көзіне айналып, дамып келеді. Мұндай жобалар ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін беруде.
Кәсіпкер үшін былғары бұйымдарын жасау жылдар бойғы тынымсыз ізденістің нәтижесі. Ал қолөнердің басты құндылығы әр бұйымның қолмен жасалып, әр бөлшегіне айрықша мән берілуінде. Сондықтан сапа мен даралықты бағалайтын тұтынушылар тарапынан сұраныс тұрақты. Өнім сапасын сақтау үшін қажетті шикізат Беларусь пен Түркиядан жеткізіледі, ал оның негізгі бөлігі Алматы маңындағы зауыттан алынады. Сонымен қатар Ауыл аманаты бағдарламасының қолдауы да кәсіптің дамуына жаңа серпін берді.
РЕНАТ АБДУЛОВ
ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ
«Бағдарлама аясында алған қаржыға қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, жұмысымызды біршама жеңілдеттік. Бұрын барлық бұйымды қолмен жасасақ, қазір кейбір үдерістерді жеңіл механикаландырып, жұмысты оңтайландырдық. Соның нәтижесінде өнімнің өзіндік құны аздап төмендеп, бағасын да қолжетімді еттік. Сәйкесінше, тұтынушылар саны артты. Бүгінде күніне орта есеппен 10–15 белдік дайындаймыз. Өнімдеріміз Қазақстанның барлық өңіріне жөнелтіледі, тіпті Германиядан да тапсырыс бергендер бар жақын және алыс шетелге де шығарып отырмыз.»
Ал бір жыл бұрын Ащыбұлақ ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен шағын жиһаз жасау шеберханасы жұмысын бастады. Мұнда тұрмыстық жиһаздардан бастап, кеңсе мен басқа да түрлі жиһаз түрлері дайындалады. Шеберхана директоры Батырхан Есімхановтың айтуынша, ауылдық әкімдік арқылы бағдарламаға өтініш беріп, жеңілдетілген несие алған. Сол қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, шеберхананың жұмысы толық іске қосылған.
БАТЫРХАН ЕСІМХАНОВ
ЖИҺАЗ ӨНДІРУ КӘСІБІНІҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
«Жұмсақ жиһаздың каркастарын фанерамен жасаймыз сапалы болу үшін. Материал Түркия, Қытай, әртүрлі болады, клиенттің таңдауына қарай. Қазір бастамасында 4 адам болып тұр, енді келешекте үлкейту ниетте бар»
РУСЛАН ЕСКЕНДІР
«ҚОНАЕВ ӘКК» АҚ PR-МЕНЕДЖЕРІ
«Ауыл аманаты» бағдарламасына сұраныс жоғары. Өйткені оның арқасында ауылдық жерлерде іскерлік белсенділік артып, шағын кәсіпкерлік дамып келеді. Бағдарлама аясында халықты жұмыспен қамту деңгейі де өсуде. Әрбір кәсіпкер жаңа жұмыс орындарын ашып, бір кәсіпорынның өзі орта есеппен 2–3 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.
Ауыл аманаты» бағдарламасына өтініш беру үшін алдымен жергілікті ауылдық әкімдікке жүгіну қажет. Өтініш аудандық комиссияда қаралып, одан кейін облыстық комиссияға жетеді. Мақұлданған соң өтініш «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына жіберіліп, қаржыландыру рәсімдері жүргізіледі. Әр өтініш кредиттік комиссияда қаралып, мақұлданған жағдайда қаржы беріледі.