«Прима Құс» серіктестігі елімізде құс етін өндіруде жетекші кәсіпорынның біріне айналды
Ұйғыр ауданындағы «Прима Құс» серіктестігі елімізде құс етін өндіруде жетекші кәсіпорынның біріне айналды. Өндіріс қуатын 50 пайызға арттырудың нәтижесінде жылына 26 мың тоннадан астам өнім шығаруғамүмкіндік бар. Отандық тауар экспорттының көлемі де жыл сайын ұлғайып келеді.
Бүгінде қазақстандық тұтынушы үшін өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі басты орында. Осы талапқа сай, отандық компания өндірістің әр кезеңіне ерекше мән береді. Мұнда жем-шөптен бастап, құс өсіріп, ет өңдеп, дайын тауарды қаптауға дейінгі барлық жұмыс бір жүйеге келтірілген.
Кәсіпорындағы өндірістік үдеріс құсты алдын ала дайындаудан басталады. Өңдеу жұмыстары шариғат талаптарына толық сай, белгіленген технологиялық тәртіп қатаң сақтала отырып жүзеге асырылады. Одан кейін құс тазалау цехына жіберіліп, барлық өңдеу сатыларынан өтеді. Салмағы мен сапасы мұқият тексерілген соң, өнім бөлшектеу және қаптау цехына жолданып, тұтынушыға жеткізуге дайын күйге келтіріледі.
ТІЛЕГЕН НҰРЖАНОВ
КӘСІПОРЫН БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Қаптама салмағы групповой упаковканы алғанда 13,5 кг-нан кем болмауы керек, ал егер де индивидуальный упаковканы алатын болсақ, оның минималды салмағы 850 грамм болу керек. Ет өнімдерін 50-60 тоннаға дейін өнім өндіреміз. Еттің сапасын біздің жұмысшылар қалай таңдайды? Бұларға арнайы біз ақпарат жинаймыз, оларды үйретеміз.Үйретіп болғаннан кейін біз оларға кішігірім экзамен жасаймыз барлық сапаның еттерін көрсеткеннен кейін.»
Кәсіпорын жаңа бағыттарды тұрақты түрде дамытып, отандық және шетелдік тұтынушыларды сапалы әрі дәмді тағамдармен қамтамасыз етуді мақсат етеді. Бүгінде шығарылатын ассортимент жүзден астам атауды қамтиды. Олардың қатарында әртүрлі шұжық түрлері, жартылай фабрикаттар мен дайын кәуап өнімдері бар.
АНАСТАСИЯ ПОКАТОВИЧ
КОМПАНИЯ ӨКІЛІ
«Компания өнімдерінің едәуір бөлігі шетелге экспортталады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнімнің 38 пайыздан астамы Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Дубай және Әзербайжан елдеріне жөнелтілді. Қазіргі таңда Қытай, Моңғолия және өзге де елдерге шығу үшін жаңа нарықтарды игеріп жатырмыз. Сонымен қатар ірі сауда желілерімен тығыз әріптестік орнатудамыз»
2026 жылдың мамырына дейін өндіріс көлемі 35 000 тоннаға дейін ұлғайып, 12 200 тонна астық сақтайтын элеватор салынуы жоспарланып отыр. Қазіргі таңда кәсіпорында 750-ден астам адам еңбек етсе, жоспар бойынша жұмысшылар саны 1200-ге дейін артпақ.