Райымбек ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы 125 кәсіпкерге өз ісін бастауға көмектесті
Мемлекеттік бағдарламалар – өңірлердегі кәсіпкерлікті дамытуға үлкен үлес қосып отыр. Райымбек ауданында үш жыл ішінде 125 адам "Ауыл аманаты" бағдарламасының игілігін көріп, жеңлдетілген несие алды. Олардың қатарында өз кәсібін ашып, өндіріс ауқымын кеңейтіп жатқандар да бар.
Ауыл жұртының әлеуетін көтеруге арналған "Ауыл аманаты" бағдарламасы кәсіп ашып, нәсіп табам дегендерге үлкен қолдау болды. Соның бірі сүт өнімдерін өңдейтін "Қарасаз Фуд" ЖШС. Бүгінде мұнда тәулігіне 15 тоннаға дейін сүт өнделеді. Болашақта өндіріс көлемін 45 тоннаға жеткізу жоспарда. Кәсіпорынның мұндай деңгейге жетуіне ауыл аманаты бағдарламасы мол септігін тигізді. Нәтижесінде шығарған өнімдерін ел ішінен бөлек шетелдерге де экспорттап отыр.
ЕРСІН ЕРЖАН
КӘСІПКЕР
- Қазіргі уақытта біз өнімнің 13 түрін шығарамыз: сүт, айран, қаймақ, сүзбе, май, курт және басқа да өнімдер. Біз шикізатты тікелей осы ауданда, тұрғындардан сатып аламыз. 500-ге жуық адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген. Ең төменгі жалақы айына 200-250 мың теңгені құрайды.
Тегістіктік кәсіпкер Мұхтар Мәлібеков "Ауыл аманаты" жобасы аясында 30 милион теңгелік жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Қомақты қаржыны бір жылдық үзілістен кейін не бәрі 2,5 пайыз өсіммен 5 жылға бөліп төлейді. Бұдан бөлек тағы «Қонаев әлеуметтік кәсіпкерлкіті қолдау қорынан 0.01 пайызбен 27 миллион теңгеден аса несие алды. Осы қаражатқа кәсіпкер 6000 бас ет бағытындағы құс өсіретін ірі кешен салды. Бүгінде сапалы күтім көрген тауық балапаны 45 күн дегенде нарыққа шығып отыр.
МҰХТАР МӘЛІБЕКОВ
КӘСІПКЕР
- Мен ет бағытындағы тауықтарды өсіремін, сонымен қатар жұмыртқа салатын тауықтар бар. "Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша қолдауды 2024 жылы алдым, ал 2025 жылдан бастап бизнесті бастадым. Кейін өндіріс көлемін ұлғайту үшін тағы 27 миллион теңге алдық. Қазір жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Жеңілдікті кезең жылы болды, ал биыл несиені өтеуді бастаймыз.
ЖАНАТ ДҮКЕНБАЙ
РАЙЫМБЕК АУДАНЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
- "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында 2023-2025 жылдары жалпы сомасы 800 миллион теңгеге 125 адам несие алды. Нәтижесінде 175 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұдан басқа, "Қонаев" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында алдағы кезеңде қаралатын 50 өтінім бар.
Өңірде бұл бағдарламаға қатысқысы келетіндер әлі де аз емес. Ал ауданда 2023-2025 жылдар аралығында мемлекеттік қолдаумен 5 ірі кооператив құрылып, шаруаларын шалқытып отыр.