Алматыда «Gold ‘n Рахат» фильмінің тұсаукесері өтті

Алматы қаласындағы «Kinopark Esentai» кинотеатрында қазақстандық және түрік киноөндірушілерінің бірлескен жобасы — «Gold ‘n Рахат» көркем фильмінің тұсаукесері өтті.

Фильмнің режиссері — Нұрғиса Әлмұрат, продюсері — Дарья Дунич. Картина байлық пен адамдық, күлкі мен шындық, ойын мен өмір арасындағы шекара туралы баяндайды.

Басты кейіпкер — өмірден ермек іздеген бай мұрагер Рахат — өзіне жаңа «ойын» ойлап табады. Алайда бұл ойын уақыт өте келе өмір мен өлімнің шынайы күресіне айналады.

Рахаттың рөлін белгілі актер Нұрболхан Шарапов сомдап, байлық пен жалғыздықтың арасындағы ішкі күйзелісті нанымды жеткізді.

Нұрболхан Шарапов, актер:

«Кедей үшін қол жетпес арман — бай үшін түкке тұрғысыз дүние. Осындай шынайы контрасттар фильмде көрініс тапқан. Рөлге кіріп, мұндай өмірді сезініп көру — мен үшін ерекше тәжірибе болды».

Фильмнің режиссері Нұрғиса Әлмұрат туындының идеялық мазмұны туралы бөлісті:

Нұрғиса Әлмұрат, режиссер:

«Халықта «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген сөз бар. Бұл фильмде сол екі әлемнің тоғысуы көрсетіледі. Байлық пен рухани ізденістің қақтығысы арқылы ерекше синтез туады».

Сондай-ақ фильмде айлакер Юлияның рөлін — Яна Рай, басты кейіпкердің қорғаушысы Беканы — Ерлан Пірімбетов, ал ата-анасының рөлін — Әшім Ахметовпен Жұлдыз Ерболат сомдаған.

Картинаның маңызды кейіпкерлерінің бірі — Беканың қарсыласы рөліндегі Олжас Тоғымбет:

Олжас Тоғымбет, актер:

«Менің кейіпкерім қанша қатігез болса да, оның да өз шындығы бар. Көрермен оның мінезіндегі ауырлық пен ішкі күйзелісті көзінен, іс-қимылынан аңғара алады».

Фильм 6 қарашадан бастап еліміздің барлық «Kinopark» кинотеатрлар желісінде көрсетіледі.

Сондай-ақ оқыңыз: