Қазақстан мен Қырғызстан балуандарын біріктірген турнир: Талғарда Олимпиада жүлдегерлерінің құрметіне жарыс өтті
Талғар ауданының №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде XXIX Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегерлері — Нұрбақыт Теңізбаев (Қазақстан) пен Канатбек Бегалиевтің (Қырғызстан) қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Кездесу жасөспірімдер арасында (U15) грек-рим күресінен өтіп жатқан халықаралық турнир аясында ұйымдастырылды. Бұл жарыс қос бірдей Олимпиада жүлдегерінің құрметіне арналды.
Аңызға айналған балуандар өздерінің спорттық жолдары туралы айтып, Олимпиададағы әсерлі сәттерін еске алды және жас буынға маңызды кеңестерін берді.
Нұрбақыт Теңізбаев спорттағы табандылық пен еңбекқорлықтың маңызын атап өтті:
«Биік шыңға апарар жол ешқашан оңай болмайды. Ең бастысы — өз ісіңді сүйіп, бапкерді құрметтеп, ешқашан берілмеу. Жеңіске ең күшті емес, ешқашан үмітін үзбейтін адам жетеді», — деді Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері.
Канатбек Бегалиев өз сөзінде Қазақстан мен Қырғызстан балуандары арасындағы достық пен өзара сыйластыққа ерекше назар аударды:
«Мен 2005 жылы Қазақстанда тұрып, осы жерде жаттықтым. Біз Нұрбақытпен бір кілемде күрестік, бір-бірімізге қарсылас болсақ та, үнемі қолдап жүрдік. Бүгінгі жас буын осындай спорттық бауырластық пен әділ күрестің үлгісін көріп отыр. Мұндай турнирлер елдеріміз арасындағы достықты нығайтады», — деді Канатбек Бегалиев.
Айта кету керек, осы халықаралық турнир қос Олимпиада жүлдегері — Нұрбақыт Теңізбаев пен Канат Бегалиевтің бастамасымен ұйымдастырылды.
Алматы облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дамир Күзембаев турнир туралы былай деді:
«Бұл турнирді өткізу идеясы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық пен спорттық бауырластықтың символы ретінде дүниеге келді. Алғашқы турнир былтыр Қырғызстанда өтті және спорттық қауымдастық тарапынан үлкен қолдау тапты. Ол кезде жарысқа ондаған жас спортшы қатысты. Бұл жаңа дәстүрдің бастауы болды. Биыл турнирді Қазақстан қабылдап отыр. Ал келесі жылы үшінші жарыс қайтадан қырғыз жерінде өтеді», — деді ол.
Баспасөз конференциясында спортшылар журналистердің сұрақтарына жауап беріп, қазіргі қызметтері мен спортты дамытуға қатысты жоспарларымен бөлісті.
Айта кетейік, бүгінде Нұрбақыт Теңізбаев — Алматы облысы Кеген ауданының әкімі, ал Канат Бегалиев — Қырғызстандағы «Спорттық нысандар мен спорттық қамтамасыз ету басқармасы» мемлекеттік мекемесінің директоры қызметін атқарады.
Журналистер мен спорттық қоғамдастық өкілдерімен өткен кездесуден кейін жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жарыстың ашылуында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жылы лебізін білдіріп, қатысушылар мен ұйымдастырушыларға сәттілік тіледі.
Облыс әкімі атап өтті:
«Даңқты Олимпиада жүлдегерлеріне арналған бұл халықаралық турнир — спортты дамытуға үлкен серпін беретін маңызды іс-шара. Ол жас балуандарды біріктіріп, дамуына жол ашады, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтады. Турнир жақсы дәстүрге айналып, алдағы жылдары қатысушылар географиясын кеңейтетініне сенімдімін».
Әкім өз сөзінде Қазақстандық чемпиондар — Демеу Жадыраев (2024 жылғы Париж Олимпиадасының грек-рим күресінен күміс жүлдегері), Ақжүрек Таңатаров (2012 жылғы Лондон Олимпиадасының еркін күрестен қола жүлдегері),
және Қырғызстандық спортшылар — Жоламан Шаршенбеков (2024 жылғы Париж Олимпиадасының грек-рим күресінен қола жүлдегері), Айсулуу Тыныбекова (2024 жылғы Париж Олимпиадасының еркін күрестен қола жүлдегері) туралы айтып, олардың еңбекқорлығы мен табандылығы жастарға үлгі екенін атап өтті.
Сондай-ақ, турнирге қатысушыларға көптеген танымал спортшылар мен ұйымдастырушылар сәттілік тілеп, әділ күрес, нағыз спорттық рух пен үлкен жеңістер тіледі.
Ашылу салтанатынан кейін алғашқы белдесулер басталды. U15 жас санатында 350-ден астам жас балуан қатысуда. Олар 35 келіден 110 келіге дейінгі 12 салмақ дәрежесінде өзара бақ сынауда.
Жарыстың алғашқы күнінен бастап жас спортшылар жоғары дайындық деңгейін, жеңіске деген жігер мен жарқын белдесулер көрсетті. Бұл көрермендердің зор қызығушылығын туғызды.
Талғардағы грек-рим күресінен халықаралық турнир — ұрпақтар сабақтастығының, Олимпиада жетістіктерінің және жаңа спорттық жеңістерге деген ұмтылыстың символы.
Жарыс екі күнге созылады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге чемпиондық белбеулер, арнайы медальдар, кубоктар мен демеушілер атынан қаржылай сыйлықтар табысталады.