Олимпиада жүлдегерлерінен шеберлік сабағы: Нұрбақыт Теңізбаев пен Қанатбек Бегалиев жас балуандармен тәжірибе бөлісті

Грек-рим күресінен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өтетін халықаралық турнир қарсаңында Талғар ауданындағы №2 спорт мектебінде Азия және әлем күресінің аңызға айналған спортшылары – Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегерлері Нұрбақыт Теңізбаев (Қазақстан) пен Қанатбек Бегалиев (Қырғызстан) қатысқан шеберлік сабағы өтті.

Іс-шараға Қазақстан мен Қырғызстанның түрлі өңірлерінен келген 100-ден астам жас спортшы, жаттықтырушылар мен спорт мектептерінің өкілдері қатысты. Бұл шеберлік сабағы тек турнир қатысушылары үшін емес, грек-рим күресін сүйетін барша жанкүйерлер үшін ерекше оқиға болды.

Олимпиада жүлдегерлері қатысушылармен өздерінің дайындық тәжірибесімен, күрес тәсілдерінің техникасымен және психологиялық қырларымен бөлісті. Әсіресе, қарсыласқа шабуыл жасау, қарымта әрекет, партерде жұмыс істеу және тактикалық ойлау сынды маңызды аспектілерге баса назар аударылды.

Жас балуандар атақты чемпиондардың көрсеткен әдістерін өздері де қолданып көруге мүмкіндік алды. Шеберлік сабағының соңында спортшылар сұрақ қойып, Олимпиада батырларымен естелік суретке түсті.

«Біз бозкілемде өскен жаңа ұрпақтың қалыптасып келе жатқанын көріп отырмыз. Сол себепті өз тәжірибемізді бөлісіп, олардың чемпион болуына жол ашу – біздің борышымыз. Спорт – тек күш емес, ол – тәртіп, мінез және қарсыласқа деген құрмет», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Нұрбақыт Теңізбаев.

«Бүгінгі балалар – ертеңгі чемпиондар. Ең бастысы – өзіңе сену, еңбек ету және қиындықтардан қаймықпау», – деп атап өтті Азия чемпионы, Қырғызстанның ең танымал балуандарының бірі Қанатбек Бегалиев.

Шара өте жылы, шабытты атмосферада өтіп, барлық қатысушыларға үлкен әсер қалдырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың спортқа деген ынтасын арттырып, чемпиондармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз: