Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қонаев қаласында салтанатты жиын өтті

Көктемнің шуағын ала келетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қонаев қаласында салтанатты жиын өтті. Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүрген нәзік жандыларға  алғыс білдіріп, құрметті көрсетті. Сондай ақ еңбегі елелу жандарға мемлекеттік наградаларды табыстады.

Қонаев қалалық мәдениет үйі бүгін ерекше құлпырған. Мұнда өңірдің дамуына үлес қосып, отбасы мен қызметті қатар алып жүрген арулар жиналды. Салтанатты шараның шымылдығын ашқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев әйел затының қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, жылы лебізін білдірді. 

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Баршаңызды көктемнің шуақты мерекесі - 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын!Сұлулық пен нәзіктіктің, мейірім мен ізгіліктің мерекесіне арналған бүгінгі жүздесуіміз – Сіздерге деген айрықша құрмет пен шынайы ризашылықтың белгісі.

Мерекелік кеште марапат алғандардың қатары қалың. Әсіресе, көпбалалы аналарға ерекше көңіл бөлінген. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Алматы облысында 58 мыңнан астам көпбалалы ана тұрады. Олардың 19 мыңға жуығы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері.

РОЗА ИСАТАЕВА
ЕҢБЕК АРДАГЕРІ
Менің өмірімде бүгін бір ерекше күн болып тұр. Мынандай 80-нен асқан жасымда , облыс әкімі М.Е. бастаған ер азаматтар, қыздары облысымыздың еңбекті ақтап бүгін құрмет орденін беріп, мені марапаттап жатыр. Жүрегім сондай толқып тұр, қалай айтып жеткізуді білмей тұрмын. Мынау қандай қуаныш. Осының барлығы да осы жылдардағы еңбектің жемісі. Құтты болсын келе жатқан халықаралық аналар күні.

Мерекелік кеш  концерттік бағдарламаға ұласты. Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары мен эстрада жұлдыздары әннен шашу шашып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.  

Сондай-ақ оқыңыз: