Алматыда «Тұманбай Молдағалиев оқулары» шығармашылық байқауының республикалық кезеңі өтті

Алматыда «Тұманбай Молдағалиев оқулары» шығармашылық байқауының республикалық кезеңі өтті. Елге деген махаббат пен адамгершілікті ту еткен ақынның поэзиясы  өлеңге жаны құштар жастарды біріктірді. Ән мен жыр сайысына еліміздің әр өңірінен келген 80 үздік оқушы қатысып, шеберліктерін көрсетті.

Дәстүрге айналған байқауда өнерлі жастар 3 номинация бойынша бақ сынады. Қатысушылар ақын туындыларын мәнерлеп оқып, арнау өлеңдер  жазды. Сахнада сөзі мен сазы келіскен шығармалар айтылып, қаламгердің сөзіне жазылған әуезді әндер шырғалды. 

«Менің қазақ жүрегімді ал, тілімді ұқ, Ал басқасын өзің тауып аларсың.»- деп жырлаған Тұманбай Молдағалиев шығармашылығында ұлттық құндылықтар мен тілдің қадір-қасиеті ерекше суреттеледі.

НҰРБЕК СЕРІКБАЙ
БАЙҚАУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ
 «Айтады ғой «тілі жоғалған елдің өзі жоғалады»,- деп. Бұдан көретініміз тіл басты құндылық. Тілді біз поэзияны оқу арқылы, өлең жазу арқылы, музыка тілі арқылы әртүрлі интерпретацияда беріп жатырмыз деп ойлаймын.  Тіл басты құндылығымыз десек, осы құндылыққа жетелейтін байқаудың басты бағыттары деп ойлаймын.»

Тұманбай Молдағалиев қазақ әдебиетін жақұт жырларымен байытты. Ал  лирик ақын мұраларын жаңғыртқан өнерпаздар өнерін білікті мамандар  бағалады.

САЛТАНАТ АЙБЕРГЕНОВА
ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ
 «Бұл біздің болашағымызды тәрбиелейтін, қазіргі замандағы ең бір керекті дүние деп есептеймін.  Поэзияға бет бұрып, мәдениетке бет бұрып, осындай өлеңдерді оқып өскен балалардан жаманшылық шықпайды. Поэзия оқып өскен балалар әрқашан қатарының алдында, қатарына үлгі болады деп ойлаймын.»

Байқау жеңімпаздары I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ, ерекше көзге түскен 3 қатысушыға халық әртісі Димаш Құдайбергеннің арнайы сыйлығы табысталды.

Сондай-ақ оқыңыз: