Райымбек ауданы төрінде тағылымға толы рухани іс-шара өтті
Райымбек ауданы төрінде тағылымға толы рухани іс-шара өтті. Іле ауданынан барған Ақши халық театры ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына орай «Сәби болғым келеді» атты поэтикалық ән кешін тарту етті. Ақын жырлары әуезді әнмен өріліп, сахнада шынайы сезім мен сыршыл көңіл күй орнады.Театр әртістері Мұқағали поэзиясының терең иірімдерін әсерлі жеткізіп, көрермен жүрегіне жол таба білді.
Кеш Іле ауданындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған театр ұжымының гастрольдік сапары аясында өтті. Бағдарлама ақын шығармашылығын кеңінен қамтып, поэзия мен музыканы үйлестірген әдеби-сазды форматта өрбіді.Сахна төрінде Мұқағали жырларына жазылған әндер тірі дауыста орындалып, поэзиялық композициялар көркем безендірілген қойылымдармен толықты. Әр шығарманың мазмұны ашылып, көрерменге терең эмоциялық әсер сыйлады.
ҚАРЛЫҒАШ АХМЕТБАЕВА
ІЛЕ АУДАНЫ Н.ТІЛЕНДИЕВ АТЫНДАҒЫ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
«Биыл ақиық ақын, алып ақын Мұқағали Мақатаев атамыздың 95 жылдығы. Соған орай әр өңір Мұқағали атасын өзінше насихаттап, өзінше дәріптеп жатыр. Бізде, яғни Іле ауданының өнер ұжымы, аудандық Н.Тілендиев атындағы мәдениет үйінің жанынан құрылған Ақши халық театры, халықтық би-ансамбльі әншілермен бірге осы Мұқағали атамыздың 95-жылдығына орай “Сәби болғым келеді” атты поэтикалық ән кешімен, Алматы облысының көршілес аудандарын өнер сапарымен аралап жүрміз»
Кеш барысында ақын поэзиясындағы адам жанының тазалығы, сағыныш пен сезім иірімдері айрықша айшықталды. Өлеңдері тебіреніспен оқылып, сахналық образдар арқылы шығармалардың көркемдік қуаты күшейе түсті. Көрермен қойылымды ықыласпен қабылдады.
АИДА САРТБАЕВА
КӨРЕРМЕН
Жалпы Мұқағали мұрасы театрландырылған қойылымғада , әнгеде өзі сұранып тұратын болғандықтан, бұл бір театрландырылғае қойылым мен әндері үйлесім тапқан, сондай бір керемет кеш өтті. Өзіміздің эмоциялық қоржынымызды керемпт байытып қайттық. Сіздерге сол үшін көп-көп рахмет!
Ауданның мәдениет қызметкерлері арнайы келген өнер ұжымына ризашылықтарын білдіріп, шығармашылық байланыс пен мәдени әріптестікті жалғастыруға ниетті екендерін жеткізді.Мұқағали мұрасын ұлықтаған мазмұнды кеш рухани құндылықтарды дәріптеген тағылымды шара ретінде есте қалды.