Кегенде сазгер, мәдениет саласының қайраткері Жақсылық Әбдірамановтың шығармашылық кеші өтті
Кегенде сазгер, мәдениет саласының қайраткері Жақсылық Әбдірамановтың шығармашылық кеші өтті. Кеген және Райымбек ауданының «Құрметті азаматы» биыл сексеннің сеңгіріне шықты. Салтанатты іс-шарада сазгердің жаңа кітабының тұсауы кесіліп, қазақ өнерінің жұлдыздары мерейтой иесіне құрмет көрсетті.
Көгілдір таулардың қойнауындағы Кеген өлкесі ерекше күйге бөленді. Жақсылық Әбдірманов мәдениет саласында табан аудармай 40 жыл еңбек етіп, қазақ өнерінің алтын қорына 25 ән сыйлады. Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев мерейтой иесінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Жақсылық Шәмиұлының ауданының мәдениетін өркендетуге қосқан үлесі орасан. Ол 1995 жылдан бастап аудандық мәдениет үйін басқарып, талай таланттың бағын ашты.
ЖАҚСЫЛЫҚ ӘБДІРАМАНОВ
КЕГЕН АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ
«Алла тағала маған елін жырласын, ауылын жырласын деп жүрегіме үн бергеніне, еліме, жұртыма ән салғаныма қуаныштымын. Бүгінгі ашылуы болып жатқан «Кегенім-өмірім, өлеңім» деген кітапқа менің 114 өлеңім кірді. Осы 114 өлеңімнің ішінен он төрті елдің құлағында қалса, ертеңгі болашақ ең құрыса 10-ын айтып жүрсе мен ризамын.»
Кеш аясында автордың «Кегенге кел» және «Ән салайық» атты әндері шырқалып, «Жан аға» секілді жаңа туындыларының тұсауы кесілді. «Кегенім-өмірім, өлеңім» кітабы – тек әндер жинағы емес, 1975 жылы Таллинде, 1977 жылы Қостанайда өткен халықаралық байқауларда топ жарған майталманның шығармашылық есебі. Сазгердің әні мен сөзі үйлескен 15 туындысы бүгінде халық арасында кеңінен шырқалып жүр.
РАМАЗАН СТАМҒАЗИЕВ
ҚР ХАЛЫҚ ӘРТІСІ
«Әрине кітаптың ішінде өзің қарап отырып әр алуан түрде жазған әндері, оның бәрін жай ғана әндерін ғана жазған емес, оның бәрін ноталап, нотаға түсіріп, соны керемет үлкен баспалардан шығарды. Соның тұсау кесерінде бұл кісінің әндері айтылды. Ағамыздың өмір жолдарынан естеліктер айттық.»
Жақсылық Шәмиұлы бүгінде зейнеткерлік демалыста болса да, өнерден қол үзген жоқ. Ол ауылдағы ақ жаулықты әжелер мен ардақты аталар ансамбілін құрды. «Ереуіл» ансамблінің сүйемелдеуімен шырқалған «Кегенімді сағындым» мен «Жалағашым – жәннәттім» әндері кештің сәнін кіргізді. Өнермен өрілген өмір жолы – кейінгі толқынға үлгі-өнеге.