Үн мен мұра үндестігі
Дауысымен әлемді тәнті еткен Димаш Құдайбергеннің жетпістен аса музыкалық аспабы мен сахналық костюмдері қойылған көрме Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде ашылды. Аспаптарды әншіге әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері ерекше ықыласпен тарту еткен. Ал әншінің бала күнінен серігі болған домбырасы музей төріне ілінді.
Көрменің ашылу салтанатына әншінің өзі қатысты. Тіпті бала күнінен қолынан тастамаған, қолтаңбасы қойылған домбырасын музей қорына табыстады. Экспозицияда әлемге әйгілі румындық виртуоз Георге Замфир сыйға тартқан пан-флейтасы, сондай-ақ, отбасылық мұра ретінде нағашы атасы табыстаған баян аспабы да бар. Сондай ақ Майкл Джексонның жеке стилисі Гоко Залдидің Димашқа арнайы дайындаған ерекше костюмін көруге болады.
СВЕТЛАНА АЙТБАЕВА
ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ
«Әлемнің әр түкпірінен, бұл жерде Кубадан келген, болмаса Ирландия, Малайзия, көршілес елдердің аспаптары өте көп. Ықылас музейімен бірлесе осындай жоба жасадық. Көрем деген, білем деген бір жастарға үлгі болса, көрерменге бір әдемі дүние болса көруге есік ашық деп айтамыз.»
Әлемде Димаштың талантына тәнті болғандар көп. Бұл тарихи сәтке оның шетелдегі жанкүйерлері де арнайы келді.
ДЭНИЭЛ ДЖОНС
АҚШ АЗАМАТЫ
«Мен Димаштың коллекциясындағы аспаптарды әрі Димаштың өзін көруге арнайы келдім. Мұнда қызығы, американдықтардың ішекті аспабы - банджо бар. Мен Димаштың өнерін бақылағаныма бес жылдай болды. Бүгінгі кеш мен үшін өте ерекше.»
ТОЛҚЫН ЗАБИРОВА
ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ
«Шынында да бір дауыс мың елді осылай біріктіріп, біздің елімізге, біздің домбыра деген қара аспабымызға, әнімізге, жырымызға, тілімізге сүйіспеншілік арттырған, осындай үлкен құрмет оятқан біздің Димаш баламызға мен үлкен рахметімді айтқым келіп отыр.»
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі 1981 жылы белгілі қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібектің бастамасымен ашылды. Жыл сайын музей қоры жаңа экспонаттармен толығады.
ЛӘЗЗАТ САҒЫНДЫҚОВА
АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ МУЗЕЙЛЕР БІРЛЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ
«Жалпы осы Ықылас атындағы музыкалық аспаптарының қорында қазақ халқының қырықтан астам, ол музыкалық аспаптарының түрі. СКЛ. Ол дегеніміз ол қазақ халқының музыка мәдениетінің өте бай екенінің дәлелі.»
Музей ұжымы әншіге Абай Құнанбайұлының домбырасының көшірмесін сыйға тартты. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған, түрлі халықтың ұлттық мұрасын көруге ниетті өнерсүйер қауым үшін көрме екі ай бойы ашық.