Қарасай ауданында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында облыс біріншілігі аяқталды

Қарасай ауданында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында  облыс біріншілігі аяқталды. Өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған балуандар ел чемпионатына берілетін 17 жолдаманы сарапқа салды. Ал, білек пен жүрек сыналған  жарыста қай ауданның жастары жеңіске жетті?    

Елімізде  Ұлттық спорт түрлерін дамыту ісі мен нәтижесі осындай жарыстарда айқын көрінеді. Жасөспірімдер арасындағы облыс біріншілігіне 200 ден астам спортшы қатысты. Белдесулер 9 салмақ дәрежесінде өтті.

ҚУАНЖАН  ҚҰЛПЕЙІСОВ
ЖАРЫСТЫҢ БАС ТӨРЕШІСІ 
«Қазір Алматы облысының  жасөспірімдер, кіші жасөспірімдер арасындағы палуандар арасында деңгей жақсы. Қыздарымыздың да деңгей жақсы. Жастар мен Ересектер арасында өзіміздің ақсап тұрған жеріміз бар. Болашақта осы қателерімізді түзетіп, алға басуға тырысамыз»

Боз кілемде белдескен жастардың бірі Дінмұхаммед Базарбай. Қарсылас шақ келтірмей, қатарластарынан озық шыққан балуан  былтыр ел чемпионатында  Алматы облысының намысын қорғап, қоржынға қола жүлде салған еді. Биыл жаңа салмақта бағын сынаған спортшының алдағы мақсаты Қазақстан чемпионы болу. 

ДІНМҰХАММЕД БАЗАРБАЙ 
ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
«Белдесу жақсы болды.  Қарсыласым жақсы дайындалып келген. Өзімнің жақсы дайындалғаныма қарай, күнделікті тренировкама қарай өзіме сеніп,  ол баланы ұтып шықтым. Алдымыздағы ҚР чемпионатына дайындалып, содан бірінші орын алып мирда күрескім келеді. Шет елдерге шығып, Елдос Сметов ағамыз сияқты олимпияда чемпионы болғым келеді.»  

Ал жалпы командалық есепте  бірінші орынды Қарасай ауданының жастары жеңіп алды. Екінші орынды Жамбыл ауданы алса, Іле ауданының командасы қола жүлдегер атанды. Үздік деп танылған 17 спортшы сәуір айында  Ақтау қаласында өтетін ел чемпионатында өңір намысын қорғайды.

Сондай-ақ оқыңыз: