Биыл Алматы облысы еліміздегі туризмнің жетекші орталығына айналмақ
Биыл Алматы облысы еліміздегі туризмнің жетекші орталығына айналмақ. Өңірде мәдени, спорттық-экстремалды бағыттағы халықаралық іс-шаралар өтеді. Солардың ішінде «Tengri Ultra, «Oceanman Kazakhstan», дрифт-шоулар, әуе фестивальі мен агротуризм жобалары бар. Инфрақұрылымды жақсарту нәтижесінде аймақ табиғатын тамашалауға келетін туристер саны ұлғайып отыр. Сарқылмас саяхат аймағындағы алдағы жоба-жоспар жайында Жадыра Қуанышбек тарқатып айтады.
Туризм саласындағы негізгі көрсеткіштердің бірі - ішкі туризм. Соңғы жылдары өңірге шетелден келетін қонақтар саны да артып отыр. «eQonaq» жүйесінің мәліметінше, облысқа 147 мыңнан астам шетелдік турист келген. Шетелдік саяхатшылар Қазақстанда демалатын өңірді таңдағанда, Алматы облысы алғашқы үштікке еніп отыр. Мамандар мұны аймақтың бірегей табиғаты мен туристік әлеуетінің жоғары болуымен байланыстырады.
ҚУАНЫШБЕК МЕЙРАМБЕКҰЛЫ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Біз ақпараттық туризм жағына көңіл бөліп отырмыз. Оның ішіне Tengri Ultra , Oceanman және аэродром, «Неба над Байсерке» деген үлкен шараларымыз бар. Және спорттық ақпараттық туризм саласында да жұмыстар жүргізілуде. Оның ішіне қысқы дрифт шоу болса, жазғы және де дрифт шоулар және марафондар кіреді.
Өңірге келетін туристер арасында ең көп сұранысқа ие бағыттар - Іле Алатауы ұлттық паркі, Көлсай көлдері және Шарын шатқалы. Мәселен, Көлсай көлдеріне келетін туристер легі 50 пайызға көбейсе, Шарын шатқалына баратындар саны 100 пайыздан асып отыр. Бұл көрсеткіш өңір табиғатына қызығушылықтың жоғары екенін аңғартады.
НҰРБАҚЫТ ТЕҢІЗБАЕВ
КЕГЕН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Қазір әйнек көпірдің жобасы басталайын деп жатыр. Былтырғы жылы жер түзету жұмыстарын аяқтап қойған, осы көктем, күн жылығаннан кейін олар да жұмыстарын ары қарай жалғастырып, бастайтын болады. Мына Көлсай, Қайыңды, Жалаңаш осы аймақтардың барлығына заманауи қонақүйлер және асханалар түсіп жатыр. Одан кейін қазір тағы да инвесторлармен жұмыс жасап, Көлсай 1, Көлсай 2 деген екінші көлсайға қанат жолдарын тартуға жақсы инвестор тарттық қазір, экология министрлігімен жерді беру бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз
Туристік инфрақұрылым да жаңарды. Қонаев қаласында жағажайлар жаңартылып, жолдар жөнделіп, жаңа нысандар ашылуда. Соның бірі- АСП кешені. Сонымен қатар Ой-қарағай тау курорты кеңейтіліп, жыл бойы жұмыс істейтін ірі демалыс орталығына айналмақ. 2025-2029 жылдарға арналған Алматы тау кластерін дамыту жоспары аясында қомақты инвестиция тарту көзделген.
ҚУАНЫШБЕК МИРАМБЕКҰЛЫ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазіргі таңда Көшпенділер қаласы бойынша да инвесторлармен келіссөздер жүргізудеміз. Жағажай бойынша алдыңғы жылы біз Қонаев қаласының №5 жағажайын бітірсек, қазіргі таңда №6, №7 жағажайдың жоспарын бастап кеттік. Ол жоспар бойынша осы жылдың шомылу маусымына дейін бітіру жоспарымызда бар
Өңірде мерекелік туризм бағыты тұрақты дамып келеді. «Tengri Ultra» марафоны мен Өрік фестиваліне мыңдаған турист қатысып, іс-шаралар халықаралық деңгейде қызығушылық тудырды. Сонымен қатар таулы аймақтардағы байланыс сапасын арттыру және гидтер қызметін заңдастыру мәселелері күн тәртібінде тұр. Жалпы, туризмді өңір экономикасының басым бағытына айналдыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.«Қазір Алматы облысы туризмді дамытуды жүйелі қолға алған өңірлердің бірі. Табиғи мүмкіндіктер мен жаңа инфрақұрылымдық жобалар аймақтың тартымдылығын арттырып отыр. Халықаралық фестивальдер мен спорттық шаралар туристер ағынын көбейтуде. Мамандардың бағалауынша, осы қарқын сақталса, өңір Орталық Азиядағы жетекші туристік бағыттардың біріне айналуы мүмкін»