Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестің жаңа моделі іске қосылды: «Аяулы жан» жобасы бірінші нәтижелерін көрсетті

Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Алматыда әйелдердің қауіпсіздігі мәселесі өткір күйінде қалып отыр: психологиялық қысым, экономикалық тәуелділік, тұрмыстық зорлық-зомбылық – көп жағдайда жабық күйінде қалады. Мұндай жағдайда көмекке жүгінудің өзі әйелдер үшін үлкен батылдықты талап етеді. «Аяулы жан» жобасы дәл осы үнсіздік шеңберін бұзуды мақсат етеді.

Наурыз айында іске қосылған жобаның жұмысы небәрі сегіз айдың ішінде күтпеген нәтижелер көрсетті: 450-ден астам әйел көмек сұрап, орталыққа жүгінді. Бұл – мәселенің шынайы көлемін көрсететін көрсеткіш.

Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасыныңқолдауымен және «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының ұйымдастыруымен құрылған орталық Абылайхан даңғылы, 79 мекенжайында жұмыс істейді. Мұнда әйелдерге тегін құқықтық кеңес, психологиялық қолдау, онлайн және офлайн консультациялар ұсынылады.

Бір ғана кеңес беру емес – жобаның мақсаты қоғамның көзқарасын өзгерту. Сондықтан ақпараттық кампаниялар ерекше қарқынмен жүргізіліп келеді:

• қазақ және орыс тілдеріндегі әлеуметтік ролик желілерде кең таралды;

• 3000 брошюра басылып, оның 2000 данасы полициямен бірлесе көпшілік орындарда таратылды;

• «Медеу» мұз айдынында өткен 200 жастың флешмобы ІІМ тарапынан жоғарыбағаланды — жастардың үндеуі қоғам назарынжаңа деңгейге шығарды.

Жоба мүшелері тек ақпарат беруменшектелмей, әйелдерді практикалық дағдылармен де қаруландыруда. Қаланың сегіз ауданында өткен шеберлік сабақтарына 600-ден астам қатысушы келді – әрбірі құқықтық білім, қауіпсіздік алгоритмдері, психологтармен жұмыс бойынша нақты тәжірибе алды.

Полиция департаменті мен дағдарыс орталықтарымен бірлесіп өткізілген экспресс-консультациялар кезінде ондаған әйел дереу көмекке жүгінді. Бұл формат Алматыда алғаш рет қолданыла бастады және тиімділігін дәлелдеді.

Алдағы аптада жоба халықаралық «16 күн зорлық-зомбылыққа қарсы күрес» кампаниясы аясында кең көлемді іс-шаралар өткізеді. Қала тұрғындары мен сарапшылардың айтуынша, бұл бастама Алматының әлеуметтік күн тәртібіндегі басты оқиғалардың біріне айналмақ.

«Жастар Рухы» Алматы қалалық филиалының төрағасы Дидарбек Ділдәбек:

«Біз бір ғана проблеманы емес, тұтас мәдениетті өзгерткіміз келеді. Әйел өз құқығын біліп, өзін қауіпсіз сезінсе – бұл бүкіл қоғамның дамуына ықпал етеді. «Аяулы жан» – осы өзгерісті бастайтын модель», – дейді.

«Аяулы жан» – тек жоба емес, Алматыдағы әйелдердің қауіпсіздігін нығайтатын жаңа қолдау экожүйесінің іргетасы.

Қаладағы әрбір төртінші әйел зорлық-зомбылықтың бір түрін бастан өткеретінін ескерсек, мұндай бастаманың маңызы тек арта береді.

 

Сондай-ақ оқыңыз: