Алматы облысында «Заңғар-2025» жастар сыйлығының байқауы басталды
Алматы облысында өңірдің әлеуметтік және мәдени дамуына үлес қосып жүрген белсенді жастарды қолдау мақсатында дәстүрлі «Заңғар-2025» жастар сыйлығының байқауы басталды.
Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Құдырет Ғабитов мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Заңғар» жастар сыйлығы 2022 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді және өз саласында үздік шыққан жас мамандарды ынталандыруды мақсат етеді.
«2022 және 2023 жылдары жеңімпаздарға 300 мың теңгеден берілсе, 2024 жылдан бастап қаржылай сыйақы көлемі 500 мың теңгені құрайды», – деді Құдырет Ғабитов.
Байқауға Алматы облысында тұратын және еңбек ететін 14 пен 35 жас аралығындағы белсенді жастар қатыса алады. Үміткерлер тек бір номинация бойынша өтінім бере алады. Ал өткен жылдардағы жеңімпаздар биылғы байқауға қатыса алмайды.
«Заңғар-2025» жастар сыйлығы төмендегі 10 номинация бойынша өткізіледі:
- Үздік жас мемлекеттік қызметші
- Үздік жас дәрігер
- Үздік жас ұстаз
- Үздік жас спортшы
- Үздік жас журналист
- Үздік жас кәсіпкер
- Үздік жас өнерпаз
- Үздік жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы
- Үздік жас волонтер
- Үздік жас кәсіптік маман
Өтінімдер 2025 жылғы 10 қараша мен 1 желтоқсан аралығында қабылданады. Құжаттар электронды және баспа түрінде тапсырылады. Қабылдау орны: Қонаев қаласы, 2-ықшам аудан, 44-ғимарат, 4-қабат.
Құжаттар жұмыс күндері сағат 17:30-ға дейін қабылданады.
Қазылар алқасы үміткерлердің портфолиоларын арнайы критерийлер бойынша сараптап, үздік жастарды анықтайды. Бағалау кезінде еңбек өтілі, марапаттары, кәсіби жетістіктері және қоғамдық белсенділігі ескеріледі.
Жеңімпаздардың есімі құжат қабылдау аяқталған соң 10 күн ішінде @almobl_jastary Instagram парақшасында жарияланады.
📞 Байланыс нөмірі: +7 (707) 950 35 13