Президент Жолдауы: Сөзден іске көшу
Қазақстан Президентінің қыркүйек айындағы дәстүрлі Жолдауын бүгінде қалыптасқан, халық асыға күтетін маңызды саяси оқиға деп атауға болады. Ең қуантарлығы – қазақстандықтардың ел тағдырына қатысты Президенттің ой-пікіріне айрықша қызығушылық танытып, оның бастамаларын ықыласпен күтуі. Неге десеңіз, Жолдаулар тек сөз бен уәде ғана емес, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдағы ең өзекті мәселелерге берген нақты бағасы мен іс-қимыл жоспары.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған үндеуінде елдегі жағдайға талдау жасап қана қоймай, алдағы уақытқа арналған шешімдер мен нақты қадамдарды ұсынады. Жолдауда белгіленген міндеттердің орындалуы әр облыс пен аймақта жүзеге асырылады. Сондықтан бұл құжатты мемлекеттік аппарат үшін әрекетке шақыру тетігі деп айтуға толық негіз бар.
Биылғы Жолдау ерекше назар аудартты. Өйткені әлемдік саясатта да, ел ішінде де елеулі өзгерістер болып жатыр. Әдеттегідей, Жолдау бірнеше негізгі бағыттан тұрады. Әрбір бағыт түрлі әлеуметтік топқа, қоғам өкілдеріне қатысты. Яғни, ол – барша қазақстандықтың ортақ мәселелерін қамтитын құжат.
Мен үшін Жолдаудағы ең маңызды бастамалардың бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде бір палаталы Парламент құру туралы саяси ұсынысы.
Бұл Қазақстанға не береді? Біріншіден, Президенттің: «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына жаңа серпін қосады. Екіншіден, Мемлекет басшысы парламенттік реформаны ашық түрде жариялап, оны халық талқылауына ұсынды. Бұл қазақстандықтарға ұнайды және Президенттің негізгі ұстанымына – ел тағдырын айқындайтын шешімдерді тек халықпен бірге қабылдау қағидатына адалдығын дәлелдейді. Мұнда ең бастысы – халықпен ашық диалог орнату.
Әрине, мұндай тарихи бастамада асығыстыққа жол берілмеуі тиіс. Сол себепті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі сарабдал оймен, жан-жақты талқылау арқылы жүзеге асыруды ұсынды. Оның ішінде сарапшылардың ғана емес, қарапайым азаматтардың пікірін де ескеру қажеттігін атап өтті. Бұл – біздің елдің саяси сауаттылығы мен демократиялық дамуының айқын көрінісі.
Қорытындылай келе, Президент Жолдауы – халықпен тікелей байланыс құралы әрі ұлттық мүддеге адалдықтың айғағы. Жолдау арқылы Мемлекет басшысы сайлаушыларымен байланысты нығайтып қана қоймай, елдің бірлігі мен болашағына деген берік ұстанымын тағы да дәлелдеп отыр.
Айгүл Ғабсаттарова,
Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының VIII шақырылым депутаты,
Қазақстан халқы Ассамблеясының Еңбекшіқазақ аудандық мүшесі