Марат Сұлтанғазиев Қонаевтағы балаларды қолдау орталығына барды
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласындағы ерекше әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларға арналған қолдау орталығына барып, тәрбиеленушілердің тұрмыс-тіршілігімен танысты.
Қазіргі уақытта орталықта 24 бала тәрбиеленуде. Олардың төртеуі жаңа оқу жылында колледжге қабылданса, екі бүлдіршін мектепке дейінгі жаста болып, балабақшаға барады. Қалған 18 бала мектепте оқиды: жеті бала Ахмет Жұбанов атындағы №5 орта мектепте орыс тілінде білім алса, он бір оқушы Қонаев қаласындағы Қазақ орта мектеп-лицейінде қазақ тілінде оқып жүр. Барлық тәрбиеленушілер мектепке қажетті құрал-жабдықтармен және киім-кешекпен толық қамтылған. Балаларды білім ордаларына орталықтың жеке автобусы жеткізеді.
Сапар барысында өңір басшысы балалармен арнайы жүздесіп, елдің басты мерекесі – Конституция күні, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығының ЮНЕСКО аясында аталып өтуі, сондай-ақ Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы туралы әңгімелесті. Әкім оқушылармен бірге «Көзімнің қарасы» әнін орындап, аймақтың әсем туристік жерлері жайлы пікір алмасты. Сонымен қатар балалардың ой-пікірін тыңдап, түрлі сауалдар қойды.