Қонаевтағы №4 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары облыс әкімінің сынына ілікті
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Қонаев қаласындағы Қ. Қайсенов атындағы №4 мектепке барып, ондағы күрделі жөндеу барысымен танысты. Алайда құрылыс қарқыны мен сапасы аймақ басшысының қатаң сынына ұшырады.
Жобаның бас мердігері – «Шебербилд» ЖШС. 2023 жылдың шілдесінде басталған жөндеуге 1,1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Дегенмен, арада бір жылға жуық уақыт өтсе де, нысан әлі толық дайын емес.
Бүгінде мектептің бір блогы мен бірнеше кабинеті ғана аяқталған. Ал әрлеу, сантехника орнату, еден төсеу сияқты негізгі жұмыстар кешеуілдеуде. Әкімнің тапсырмасына сәйкес, мердігер 104 миллион теңгенің кемшілігін өз қаражатына түзетуі тиіс болған, бірақ ол да орындалмай отыр. Компания өкілдері «жұмыстың 95 пайызы дайын» деп сендіргенімен, іс жүзінде әлі талай шаруа атқарылмаған. Себебі мұндай ауқымды нысанда небәрі 20-ға жетпейтін жұмысшы еңбектенуде. Сондықтан мектепті жаңа оқу жылына дейін толық пайдалануға беру мүмкін емес деген қауіп бар.
Сонымен қатар, өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Жыл соңына дейін мыңдаған оқушыға арналған 17 жаңа мектептің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Қазірдің өзінде үш білім ордасы дайын, қалғандары кезең-кезеңімен пайдалануға берілмек. Жоба үш ауысымды оқыту мәселесін шешіп, балаларға қолайлы білім беру жағдайын қамтамасыз етуді көздейді.