Қонаевта облыстық мәслихат өңір инфрақұрылымын талқылады

Қонаев қаласында Алматы облыстық мәслихатының тұрақты комиссия отырысы өтті. Депутаттар өңірдің әлеуметтік, инженерлік және көліктік инфрақұрылымын дамытуға қатысты 7 негізгі мәселені қарады.

Олардың қатарында ауыз су, жол жөндеу, абаттандыру, ирригация, білім беру нысандарының жай-күйі және жылыту маусымына дайындық бар. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыстағы 26 мектептің 17-сі биыл пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, үш ауысымды оқытуды жою үшін 20 білім беру нысанында күрделі жөндеу жүріп жатыр. Комиссия төрағасы Болатжан Нұрбеков құрылыс кезінде сапа мен мерзім жағынан кемшіліктер кездесетінін айтып, жауапкершілігі төмен мердігерлермен келісімшарттардың бұзылғанын, олардың орнына жаңа мердігерлер келгенін жеткізді. Жол инфрақұрылымы бойынша облыстық маңызы бар 192 шақырым жолдың 45%-ында жөндеу аяқталған. «Қапшағай – Күрті» жолын қайта құру, «Алматы – Бішкек» және «Алматы – Талғар – Байдібек би» бағыттарын кеңейту жобалары іске асуда. Шекаралық маңызы зор «Кеген – Нарынқол» тас жолында да жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жылыту маусымына дайындық көктемде басталған. Бұл мақсатқа 10 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, қазандықтар жаңартылуда, 4,5 шақырым жылу желісі мен электр желілері модернизациялануда. Депутат Дәулет Жарасбаев қаладағы жалғыз ТЭЦ-тің қазандықтары ауыстырылып, арнайы комиссия тексерістен өткізетінін айтты. Сонымен қатар, отырыста өрт сөндіру кезінде суды пайдалану шығындарын өтеу тетігі бекітіліп, сумен жабдықтау ұйымдарының шығындарын жергілікті бюджет есебінен жабу қарастырылды. Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін ортақ ережелер қабылданып, елді мекендерді абаттандыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңа талаптар аумақты таза ұстау, қоқыс өртеуге және жасыл аймаққа көлік қоюға тыйым салу, шағын сәулеттік нысандарды күтіп ұстау және арнайы техниканың өтуіне кедергі келтірмеу нормаларын қамтиды.
 Комиссия барлық бағыттар бойынша жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар беріп, қабылданған шешімдер тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз: