Аэротакси іске қосылады

Алатау қаласы -заманауи инфрақұрылым мен инновациялық технологиялардың орталығына айналып келеді. Бүгін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алатау қаласына жұмыс сапарымен барып, бірқатар маңызды әлеуметтік және өндірістік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Аймақ басшысы алдымен халықпен кездесіп, өңірдегі өзекті мәселелерді талқылап Орталық Азияда алғаш рет іске қосылғалы тұрған әуетаксидің сынақ жұмысымен танысты. Толығырақ әріптесім Дастан Маратұлы айтсын. 

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарын Алатау қаласына қарасты Қоянқұс шағын ауданынан бастады. Өңір басшысы мұнда жаңадан бой көтерген 900 орындық мектеп ғимаратында қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиында қала әкімі Әркен Өтенов Алатау қаласының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы даму бағыттарына тоқталды.

ӘРКЕН ӨТЕНОВ
АЛАТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
« Жыл қорытындысы бойынша қалада 136,9 млрд теңге көлемінде өнеркәсіп өнімі өндіріліп, 20,3 млрд теңге көлемінде ауыл шаруашылығы өнімі шығарылды. 2025 жылы негізгі капиталға 115,8 млрд теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 305,5% құрады. Қазіргі таңда жалпы құны 1,0 трлн. теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба жобалау және құрылыс-монтаждау кезеңінде»

Жиында тұрғындар инфрақұрылым мен жол және ауыз су мәселесін көтерді. Көптің көкейіндегі бұл сауалдар жауапсыз қалмады. Қазірдің өзінде Қоянқұста 10 мың адамды таза сумен қамтитын, құны 2,4 миллиард теңгелік су құбыры тартылып жатыр. Жиыннан кейін аймақ басшысы Жетіген шағын ауданындағы теміржол арқылы өтетін автомобиль көпірінің құрылыс алаңына аттанды. Мердігер компания жүргізіп жатқан бұл алып өткелдің құны -154 миллиард теңге. Құрылыс шілде айында аяқталмақ. Ол теміржол арқылы өтетін көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, кептелісті азайтады. 

ЖАДЫРА ҚУАНЫШБЕК
ТІЛШІ
«Дәл қазір Алатау қаласында Орталық Азиядағы алғашқы ұшатын такси сынақтан өтіп жатыр. Бұл көлік жанармаймен емес, таза электр қуатымен жұмыс істейді. Мұнда тек жолаушы тасу емес, жүк жеткізудің ең заманауи цифрлық жүйелері де таныстырылуда. Қысқасы, біз бүгін болашақтың қалалық көлігі қандай болатынын өз көзімізбен көріп тұрмыз»

«Alatau Advance Air Group» компаниясының жетекшілігімен қолға алынған бұл бірегей жобаның жалпы құны-250 миллион АҚШ доллары. Сағатына 200 шақырым жылдамдықпен ұшатын әуе көлігі алдағы уақытта Алатау мен Алматы қалаларының арасында қатынайды деп жоспарланған. 

ДАСТАН ЗАЙНОЛДА
«ALATAU ADVANCE AIR GROUP» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ
«Бұл жобаны біз бастағанымыз 1 жылдан асты, Алатау қаласы бізге ең тиімді, ең  инновацияға дайын жерлердің бірі болғандықтан осы жерде бастайын деп отырмыз. Бұл өздеріңіз келіп тұрған жер, болашақ вертипорт. Бұл Қазақстанға келу себебі, тек туристік  себептермен емес, бұл дегеніміз адамға қажеттілік мақсатта да өздеріңіз көрсеңіздер болады. Мысалы, Алматы қаласында өте көп көлік кептелісі болады, сол мәселені шешуге мүмкіндік беретін зат. Егер қаланың ішінде ұшуға рұқсат алатын болса»

Жаңа технологиялардың жұмысына оң баға берген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Алатау қаласының инфрақұрылымы мен экономикасын дамыту бағытындағы жобаларды сапалы жүзеге асыруды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз: