Алматы облысында тағы бір қолжетімді тұрғын үй жобасы іске асырылды
Алматы облысы Іле ауданы, Боралдай кентінде заманауи бес қабатты мансардалы тұрғын үйлерден тұратын тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Бұл жоба “Қонаев” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” АҚ мен “DEL Construction” ЖШС серіктестігімен жүзеге асырылды, деп хабарлайды zakon.kz.
Жалпы саны 220 пәтерден тұратын тұрғын үй кешені мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы және жобаларды бірлесіп қаржыландыру тетігі аясында салынған. Жобаның жалпы құны – 3,29 млрд теңге. Оның ішінде 1,5 млрд теңгесі – «Қонаев» ӘКК-нің қаржылық үлесі, қалғаны – инвестордың қаражаты.
– Тұрғын үй кешені автономды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Су ұңғымалар арқылы жеткізіледі, ал жылу газ қазандығы арқылы жүргізіледі. Барлық пәтерлер таза әрлеумен тапсырылады, бұл қоныстанушыларға қосымша шығынсыз кіріп тұруға мүмкіндік береді, – деді “Қонаев” ӘКК басқарма төрағасы Мұрат Абдығұлов.
Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған бірқатар пәтерлер жергілікті әкімдік тарапынан конкурс арқылы сатып алынған.
Қазіргі уақытта аумақты абаттандыру жұмыстары аяқталу үстінде. Аула ішіне тротуарлар төселіп, жарық бағаналары мен орындықтар орнатылған. Жақын күндері балалар және спорт алаңдары да орналастырылмақ.
Жалпы пайдалануға берілген пәтерлердің аумағы – 9 909 шаршы метр.