«Шарыннан Тамғалыға дейін»: Қазақстандағы таулы туризм дамуының жаңа кезеңі
Алматы облысында жаңа туристік бағыт іске қосылады. «Алатау аманаты» жобасы аясында Шарын шатқалынан Тамғалытас археологиялық кешеніне дейін созылатын 1200 шақырымнан асатын ұлттық жаяу соқпақ пайда болады.
Туризм бүгінде ел экономикасының жаңа қозғаушы күшіне айналуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл салаға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Осыған байланысты «AMANAT» партиясы еліміздің маңызды табиғи ландшафттарын біріктіретін ұлттық туристік соқпақтар жүйесін – «Алатау аманаты» жобасын іске қосты.
Жобаның басталуы Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі Аюсай шатқалында өтті. Іс-шараға Мәжіліс Төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Парламент депутаттары, сарапшылар, туристік және экологиялық ұйым өкілдері мен еріктілер қатысты.
– Туризм – жаңа мұнай. Бүгінде Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылық орнаған, көршілес елдермен достық қатынас қалыптасқан. Осыған орай шетелдік туристер елімізге үлкен қызығушылық танытып отыр. «Алатау аманаты» жобасы – Қазақстан туризмінің жаңа кезеңге өтуіндегі маңызды жүйелі қадам, – деді Ерлан Қошанов.
Соқпақ бойында 24 инфрақұрылымдық нысан мен 270 мыңнан астам халқы бар 20 елді мекен орналасқан. Туристер этноауылдар, глэмпингтер, кемпингтер, визит-орталықтар мен құтқару бекеттерін, гастрономиялық және этномәдени туризм нүктелерін аралай алады. Бұл бағытта ішкі және халықаралық шытырман туризмнің тұтас экожүйесі қалыптаспақ. Жоба ауыл тұрғындарын да экономикалық белсенділікке тартуға бағытталған.
Маршрут бойындағы негізгі аялдамалар бүгінде туристердің ерекше қызығушылығына ие: «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, Көкжайлау, Бутаков шатқалы, Алмаарасан ыстық бұлақтары, Үлкен Алматы көлі, VIII–XIII ғасырлардағы Талхиз қалашығы мен «Oi-Qaragai» тау курорты.
Жоба аясында «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық акциясына орай, Аюсай шатқалында плоггинг (табиғатты тазалау) шарасы ұйымдастырылды.
«Алатау аманаты» жобасын 1,5 жыл ішінде толық аяқтау көзделген. Мәжілістегі «AMANAT» партиясының фракциясы жобаның заңнамалық қамтамасыз етілуін қамтамасыз етіп, туристік соқпақтарды реттейтін нормативтік-құқықтық база әзірлейді. Алдағы уақытта бұл тәжірибе еліміздің өзге де өңірлерінде қолданылатын болады.