Референдум күні Алматы облысында 24 сәби дүниеге келді
Республикалық референдум күні түске дейін Алматы облысында 24 сәби дүниеге келді. Оның 13-і ұл, 11-і қыз.
Облыс бүгінде туу көрсеткіші жоғары аймақтардың бірі саналады. Жыл басынан бері өңірде 2900 ден астам бала дүниеге келді. Жалпы, жыл сайын облыста шамамен 30 мыңға жуық сәби өмір есігін ашады. Туу көрсеткіші бойынша Қарасай ауданы көш бастап тұр. Қазіргі таңда жүкті әйелдер мен босанған аналарға 13 денсаулық сақтау ұйымы медициналық көмек көрсетеді. Есік қаласында ашылған перзентхана - ана мен бала денсаулығы - заманауи медициналық құралдармен толық жабдықталды. Ал Қаскелең қаласында 200 төсек-орындық жаңа перинаталдық орталықтың құрылысын бастау жоспарланып отыр.