Іле ауданында өткен республикалық қабылдауда ауызсу, мектеп және жол мәселелері көтерілді

Іле ауданында «AMANAT» партиясының республикалық мобильді қоғамдық қабылдауы өтті. Қабылдау барысында 50-ден астам тұрғын өзекті әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді көтерді. Шараға партияның орталық және аймақтық аппараттарының өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың мамандары мен заңгерлер қатысты.

Қаскелең ауылынан келген тұрғындар жергілікті мектептің толып кеткенін айтты. Ескі ғимарат үш ауысыммен жұмыс істейді, ал оқушылар саны белгіленген нормадан бірнеше есе көп. Соңғы сабақ кешкі 20:00-де аяқталады. Ата-аналар балалардың қолайлы жағдайда білім алуы үшін 300 орындық қосымша ғимарат салып беруді сұрады. Жалпы аудан бойынша үш ауысымда оқытатын мектептер көп. Биыл сегіз жаңа мектептің құрылысы жоспарланғанымен, қаржыландыру әлі бөлінбеген.

Сондай-ақ, Байсерке мен Өтеген батыр ауылдарының арасындағы теміржол арқылы өтетін автожол учаскесінде жолайрық салу мәселесі көтерілді. Ұзындығы 1,2 шақырым болатын көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Жобаның құны – 5,6 млрд теңге. Алайда құрылысқа қаражат қарастырылмаған.

«Тұрғындар көтерген мәселелер жүйелі сипатқа ие және халықтың нақты мұқтаждықтарын көрсетеді. Әрбір өтініш тіркеліп, уәкілетті органдарға жолданады. Партия бұл мәселелердің орындалуын бақылауда ұстайды. Қажет болған жағдайда оларды Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп Үкімет деңгейінде көтеруге дайынбыз», – деді партияның Орталық қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Әлия Садырбаева.

Сонымен қатар, тұрғындар ауызсу тапшылығы, ішкі көшелердің нашарлығы, «Сорбулак» кәріз коллекторынан шығатын жағымсыз иіс, мәдениет үйінің жоқтығы, балалар ойын алаңдарының жетіспеуі, саяжай алқаптарын елді мекен мәртебесіне енгізу, қоғамдық көлік пен жер телімдерін рәсімдеуге байланысты қиындықтар туралы да айтты.

Барлық өтініштер тіркеліп, тиісті органдарға жолданды. Партия тарапынан бірде-бір мәселе ескерусіз қалмайтынына сендірілді.

Сондай-ақ оқыңыз: