Алматыда өрттен зардап шеккен отбасының үйін «AMANAT» партиясының Қоғамдық қабылдауы қалпына келтіруге көмектесті

Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Алматы қаласының Ақбұлақ ықшамауданында өрттен толық жарамсыз халге келген тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Бұл жағдай алғашқы өтініш түскен күннен бастап «AMANAT» партиясының Қоғамдық қабылдау бөлімінің ерекше бақылауына алынған болатын.

Өрт салдарынан баспанасыз қалған зейнеткер әйел мен оның отбасы қиын жағдайда қалып, партияның Қоғамдық қабылдауына жүгінген. Өтініш тіркелген соң, мәселені кешенді шешу үшін тиісті қызметтер мен еріктілер жұмылдырылды.

Қоғамдық қабылдау бөлімінің үйлестіруімен, аудандық қызметтердің, демеушілер мен волонтерлердің қолдауымен келесі жұмыстар атқарылды:

  • үйдің қабырғалары мен шатыры толық қайта салынды;
  • жылу жүйесі жүргізіліп, газ құбыры тартылып, қосу жұмыстары орындалды;
  • барлық қажетті құжаттар рәсімделді;
  • гуманитарлық көмек көрсетілді: азық-түлік, тұрмыстық заттар, үйге қажетті бұйымдар;
  • аула тазаланып, өрт қалдықтары шығарылды;
  • отбасы мүшелерінің біріне медициналық көмек ұйымдастырылды.

Бүгін Алатау аудандық филиалы мен «AMANAT» партиясының Қоғамдық қабылдау өкілдері атқарылған жұмыстардың сапасын тексеріп, өтініш иесінің отбасына барып қайтты. Қалпына келтірілген үйге тұрғындар қайта қоныстанды.

Тұрсұнбүбі Бөжеева, өтініш беруші:

«Өрттен кейін баспанасыз қалдық, не істерімізді білмедік. Қоғамдық қабылдау бізді бірден тыңдап, барлық бағытта көмектесті. Қиын кезде қолдау көрсеткен азаматтардың барлығына алғыс айтамын. Өз үйімізге қайта оралып отырғанымызға қуаныштымыз».

Жарқын Алдамбергенқызы, «AMANAT» партиясының Алатау аудандық филиалының төрайымы:

«Қоғамдық қабылдауға түскен әр өтініш мұқият қаралады. Адамдар өз мәселесінің назардан тыс қалмайтынын білуі керек. Мұндай жағдайларда көмек көрсету — біздің ортақ міндетіміз. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыра береміз».

Партияның Қоғамдық қабылдауы «бір терезе» қағидаты бойынша азаматтардың өтініштерін қабылдап, оларды сүйемелдеу және қиын жағдайларда кешенді қолдау көрсету жұмысын жалғастыруда.

Сондай-ақ оқыңыз: