Агросектор дамуда: Алматы облысында экспорт өсіп, инфрақұрылым жаңартылуда

Алматы облысының аграрлық саласы соңғы жылдары қарқынды дамып, өңір экономикасының маңызды бағытына айналды. Бұл туралы өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтты.

Ресми мәліметтерге сәйкес, агроөнеркәсіп кешенінің жалпы өнімі 682,3 млрд теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығы тауарларының экспорты да айтарлықтай өсіп, 345,2 млн долларға дейін көтерілді. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық көрсеткіш.

11 жаңа сүт-тауар фермасы іске қосылуда

Өңірде аграрлық инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Биыл облыс аумағында 11 жаңа сүт-тауар фермасының құрылысы жалғасуда. Жалпы қуаттылығы — 7100 бас ірі қараға арналған кешендер.

Акимнің айтуынша, бұл фермерлік жобалар өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, сүт өңдеу саласына жаңа серпін береді.

2 127 км суару жүйесі жаңартылады

Ауыл шаруашылығының тиімділігі тікелей су ресурстарына байланысты. Осы бағытта ірі инфрақұрылымдық жоба — 2 127,9 шақырым суару желісін қайта құру жұмыстары басталды. Жоба Ислам даму банкінің қаржыландыруымен жүзеге асуда.

Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін айналымға 111,3 мың гектар суармалы жер қайта енгізіледі. Бұл өңірдің егістік алқаптарын кеңейтіп, өнім көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлеріне серпін берді

Брифинг барысында өңір басшысы ауылдық жердегі кәсіпкерлікті қолдауға ерекше тоқталды. Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының өз ісін бастауына нақты мүмкіндік берді.

«Бағдарлама аясында 1373 азамат шағын несие алып, өз кәсібін ашты немесе шаруашылығын кеңейтті. Бұл — ауылдағы экономикалық белсенділікті күшейтетін маңызды бастама», — деді Марат Сұлтанғазиев.

Сондай-ақ оқыңыз: