Алматы облысының фермерлері Алматы қаласына 200 тоннадан астам жаңа өнім жеткізеді
Алматы облысының фермерлері мен аграрийлері Алматы қаласына 200 тоннадан астам жаңа және экологиялық таза өнім жеткізеді. Сауда сөрелерінде ет, балық, сүт өнімдері, көкөністер, жеміс-жидек, бал, күріш, жұмыртқа және өңірде өндірілген өзге де тағам түрлері ұсынылады.
Ауқымды ауылшаруашылық жәрмеңкесі 18–19 қазан күндері Қазыбек би көшесінде, Абылай хан даңғылынан Панфилов көшесіне дейінгі аралықта (КБТУ ғимаратының төменгі жағында) өтеді. Бұл шара алматылықтар мен қала қонақтарына жоғары сапалы өнімді нарықтағы бағадан 15% арзан бағада сатып алуға мүмкіндік береді.
Жәрмеңке аясында Алматы қаласына 16 тонна ет, 1,6 тонна сүт өнімдері, 18,6 тонна картоп, 19,5 тонна пияз, 36,2 тонна көкөніс, 6 тонна күріш, 3,3 тонна бал, 26 тонна алма мен жеміс-жидек және 50,5 тонна басқа да ауылшаруашылық өнімдері әкелінеді.
Шара Алматы облысы мен Алматы қаласы әкімдіктерінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Жәрмеңкенің мақсаты – отандық өндірушілерді қолдау, ішкі нарықты дамыту және тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету.