Алматы облысында Health Invest Forum – 2025 өтті
Алматы облысында денсаулық сақтау саласына арналған Health Invest Forum – 2025 халықаралық инвестициялық форумы өтті. Іс-шара мемлекеттік органдар, инвесторлар, халықаралық ұйымдар, дипломатиялық өкілдер мен бизнес-қоғамдастық арасында ашық диалог алаңына айналды.
Форумға Германия, Ресей, Түркия, Үндістан, Қытай және тағы басқа елдерден келген 160-тан астам қонақ қатысты. Әсіресе медицина және фармацевтика салаларына инвестиция салуға мүдделі кәсіпкерлер белсенділік танытты.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев форум барысында өңірдегі халық санының өсуіне байланысты денсаулық сақтау саласының дамуы маңызды басымдық екенін атап өтті. Облыста мемлекет пен жекеменшік әріптестігі тетігі тиімді жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңартылып, цифрлық технологиялар енгізілуде және ауылдық жерлерде медициналық қызметтер кеңейтілуде.
Ол сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын және инвесторларға қолайлы жағдай жасауға әзір екенін айтты.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов өз сөзінде Алматы облысының фармацевтикалық кластер қалыптастырғанын, мұндағы өнімдердің бүкіл республика бойынша кеңінен қолданылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, өңірдегі медициналық мекемелер жаңа технологиялар мен заманауи тәжірибелерді алғашқы болып жүйелі түрде енгізуде екенін атап өтті.
Форум аясында Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов өңірдің инвестициялық әлеуеті мен негізгі басым бағыттар жайлы баяндады.
Іс-шара қорытындысы бойынша он бір бірлескен жобаны жүзеге асыру мақсатында бірқатар меморандумдарға қол қойылды.