Сөз құдіреті мен ұрпақ сабақтастығы

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Парасатты ұлт - сапалы қоғам» жобасы аясында «Жайдарман жүрек» атты әдеби-сазды кеш өтті. Тағылымы мол кездесудің құрметті қонағы - белгілі жазушы, ақын, аудармашы әрі филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісова болды. Шара барысында ол өзінің көпжылдық кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, ұлттық құндылықтарды сақтау мен ұрпақ тәрбиесі төңірегінде тұшымды ой қозғады. Кездесу бастала салысымен университет студенттері көкейде жүрген сауалдарын қойып, білікті маманнан өнегелі кеңес алуға асықты.

АЙДАНА ӨМІРЗАҚ
ҚЫЗДАР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ 4-КУРС СТУДЕНТІ
- Бұл кездесуден мол рухани азық пен пайдалы инсайттар аламын деген үміттемін. Өйткені бүгінгі қонағымыз - мансап пен отбасылық өмірді қатар алып жүрген, өнегелі де сыйлы тұлға. Мұндай тағылымды жүздесулерден қалыс қалмауға тырысамын және өзіме қажетті көптеген құнды ақпаратты аламын деп сенемін.

Камал Әлпейісова - еліміздегі алғашқы синхронды аудармашылардың бірі. Ол бұл салаға 20 жылдан астам уақытын арнаған. Сондай-ақ, Жазушылар одағының мүшесі әрі Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы. Жүздесуде ол журналистика, мемлекеттік қызмет пен аударма саласындағы тәжірибесімен бөлісті. Әсіресе, сөз мәдениеті, ана тілі мен қыз бала тәрбиесінің маңыздылығына баса мән берді.

КАМАЛ ӘЛПЕЙІСОВА
ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ҚР ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ
- Біздің қазақстандық қыздар - өте білімді, мәдениетті әрі қайсар. Олар өз алдына қойған мақсаттарына жетуге ұмтылады. Мемлекеттік органдарда жоғары қызметтерде жүргенімде байқағаным, мемлекеттік қызметшілердің 52 пайызын әйелдер қауымы құрайды. Ал «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталғандардың 54 пайызы - әйелдер. Бұл сандардың өзі қыздарымыздың жауапкершілігі жоғары, мақсатшыл екенін айқын көрсетеді.

Камал Әлпейісованың қайраткерлік жолы тек аударма мен ғылыммен шектелмейді. Ол - қаламы жүйрік ақын әрі жазушы ретінде де танымал. Оның шығармаларында адамгершілік, руханият және ұлттық дәстүр тақырыптары кеңінен көтеріледі. Бүгінде ол Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы ретінде қоғамдағы ең өзекті түйткілдерді шешуге белсене араласып келеді.

КАМАЛ ӘЛПЕЙІСОВА
ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ҚР ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ
- Мемлекет басшысы бұған дейін қоғамдағы бес әлеуметтік кеселмен күресуге және бұл іске бүкіл ел болып жұмылуға шақырған болатын. Біздің басты міндетіміз - нашақорлық, лудомания және тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты қауіпті дерттердің алдын алу, олардың зардабы мен пайда болу себептерін халыққа түсіндіру. Бүгінгі кездесуде бойжеткендер ене мен келін арасындағы қарым-қатынас төңірегінде де сұрақтар қойды. Өйткені отбасылық қарым-қатынаста да буллингке ұқсас жағымсыз жағдайлардың кездесетіні жасырын емес.

Кездесу соңында студенттер сөз өнері, аударма саласының қыр-сыры және ұлттық тәрбие төңірегінде өздерін толғандырған сұрақтарға тұшымды жауап алып, өзара пікір алмасты.

Сондай-ақ оқыңыз: