Тоғызбұлақ ауылында жаңа білім ордасы ашылды
Кеген ауданына қарасты Тоғызбұлақ ауылында көрнекті ағартушы Капез Байғабылұлы туғанына 130 жыл толуына орай жаңа ауылдық кітапхана ашылды. Салтанатты шараға ауылдың абыройлы ақсақалдары мен белгілі азаматтары қатысып, мәдени нысанның жұмысын бастауы дәстүрлі қызыл лентаны қию рәсімімен айшықталды.
Қапез Байғабылұлы қазақтың белгілі әнші-композиторы, сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбаны. Ол шығыс халықтарының қисса, дастандарын жақсы меңгерген, әрі қазақ халқына өзіндік мәнді әндер қалдырған ұлы тұлға ретінде белгілі. Осындай айрықша күнде жаңа мәдени нысан пайдалануға берілуі тұрғындар үшін тарихи сәт. Мәдени нысанның ашылуына аудандық мәслихат төрағасы Нұғман Алпысбек, аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев қатысты. Кітапхана заманауи технологиямен жабдықталған. Қор және оқу залынан тұратын мәдени ортада 3000 нан аса кітап бар. Биыл бұл ошақ 670 оқырманға қызмет көрсетуді жоспарлап отыр.
САҒАТБЕК МЕДЕУБЕКҰЛЫ
ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Бұл шындығында біздің елімізде, жұртымызда, жалпы мемлекетімізде көтеріліп жатқан кітап оқитын ұлтқа айналудың бір сабақтасатын игі ісі, баянды болсын. Осында кітаптарды оқитын ұлдар мен қыздар көбейсін, ұрпақ білімді, саналы, салиқалы, парасатты болып өссін. Соған мұрындық болатын, ықпал жасайтын осы шаңырақ биіктей берсін, кітап қоры көбейе берсін.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Құрылтайда мәдениет саласына енгізілетін бірқатар мәселені көтерген еді. Оның ішінде кітапхана да бар. Ауыл тұрғындары үшін мұндай білім мен өнер, мәдениет нысанының маңызы зор. Мұнда әрбір кітап оқырманға рухани азық беріп, шығармашылық шабыт сыйлайды. Осындай мәдени нысандар арқылы халықтың ұлттық санасы нығаяды, дәстүр мен өнеріміз сақталып, жаңа буынға үлгі болып қызмет етеді.